6 жастағы бала Toyota көлігін ұрлап кеткен
Қызылорда облысының Арал ауданында полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген 6 жастағы баланы тоқтатты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Полиция мәліметінше, патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары көлік жүргізіп келе жатқан баланы байқап, дер кезінде араласқан. Осылайша ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алды.
Тексеру барысында көліктің баланың әкесінің атына тіркелгені анықталды.
Оқиғаға байланысты баланың заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны ескерілді.
Сот баланың әкесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Полицейлер балаға және оның ата-анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Кәмелетке толмағандарға көлік құралын басқаруға бермеу және оларды түнгі уақытта қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз