Сейсенбі, 5 Мамыр 2026 г.

$ 464.9
543.53
6.16
  • Алматы
    18°C
    • Астана
      21°C
Ру

Сәтбаев тұрғыны емнен кейін қайтыс болды: туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

Фото көзі: : Жеке архивтен
ZontNews.kz
Сәуір 29, 2026, 8:47 Т.Ж.
0
11

Сәтбаев қаласының 53 жастағы тұрғыны Жезқазғандағы облыстық көпсалалы ауруханада жасалған процедурадан кейін көз жұмды. Марқұмның жақындары дәрігерлік қателік болуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы ZontNews.kz. “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Виталий Вовленко бір жылға жуық ауыр дертпен күрескен. Алдымен оған С гепатиті, кейін бауыр циррозы, соңында бауыр обыры диагнозы қойылған. Отбасы Қазақстанда ғана емес, Қытай мен Үндістанда да ем іздеген. Үндістанда өткен ем нәтижесінде ісік кішірейіп, дәрігерлер оны бауыр трансплантациясына үміткер ретінде қарастыра бастаған.

Марқұмның жұбайы Юлия Зайцева күйеуінің соңғы күндеріне дейін күрескенін айтады. Ерлі-зайыптылар 14 наурызда елге оралып, ай соңында қайтадан Үндістанға барып, трансплантация жасату жоспарланған.

Алайда бұған дейін науқасқа Жезқазғандағы ауруханада іш қуысындағы сұйықтықты алу процедурасы жасалған. Бұған дейін мұндай ем бірнеше рет сәтті өткен.

Жұбайының айтуынша, осы жолы процедурадан кейін жағдайы күрт нашарлаған. Үйіне қайтарылған соң, науқаста қатты ауырсыну, қалтырау пайда болған. Кейін оның хәлі одан әрі төмендеп, жедел жәрдем шақырылған.

Алғашында дәрігерлер науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартқан, тек екінші шақыртудан кейін ғана алып кеткен. Туыстарының айтуынша, қабылдау бөлімінде де көмек кеш көрсетілген.

Кейін хирургиялық тексеру барысында ішкі ағзалардың зақымданғаны анықталған. 31 наурызда науқасқа шұғыл операция жасалып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан. Алайда 5 сәуірде ол қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге ағзаның улануы себеп болған.

Марқұмның жұбайы істі жан-жақты тергеуді талап етіп отыр. Оның сөзінше, басты мақсат – кінәлілерді анықтап, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша ішкі тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде процедураны жасаған дәрігерге медициналық стандарттарды сақтамағаны үшін тәртіптік жаза берілген.

Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның қорытындысына сәйкес қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті де толық құжаттар ұсынылған жағдайда тәуелсіз тексеріс жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

 

 

 

 

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз