Қазақстандық режиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден озды
Белгілі қазақстандық кинорежиссер, сценарист әрі ұстаз Ардақ Әмірқұлов 70 жастан асқан шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды ZontNews.kz. Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, Ардақ Әмірқұлов ұлттық кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, бірнеше буын киногердің қалыптасуына ықпал еткен.
«Ардақ Жамансарыұлының "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленді», – делінген министрліктің көңіл айту хабарламасында.
Ардақ Әмірқұлов Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған. Оның режиссерлік жұмыстары халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген марапатқа ие болды.
Атап айтқанда, «Отырардың күйреуі» фильмі Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын, Монреаль халықаралық кинофестивалінде киносыншылардың FIPRESCI жүлдесін, Португалиядағы Фигейра-да-Фош кинофестивалінің «Күміс табақша» сыйлығын және Ашхабадтағы халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесі – «Күміс жарты айды» жеңіп алған.
Ал «Абай» фильмі Ташкент кинофестивалінің «Күміс Семург» жүлдесін, Гатчинадағы «Әдебиет және кино» фестивалінде Жастар қоғамдық қазылар алқасының арнайы жүлдесін және Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының медаліне ие болған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз