Мысықты кір жуғыш машинаға салған әйел жазаланды
Жетісу облысында полиция Threads желісінде тараған видеодан кейін тексеру бастады. Бейнежазбада мысықтың кір жуғыш машинаның барабанына салынғаны көрінеді. Жазба қоғамда кең резонанс тудырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Полицияның мәліметінше, видео жарияланған сәттен бастап жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша тексеру жүргізілген. Бейне авторы бұл әрекетті әзіл ретінде түсіндіріп, барабан су қоспай бір рет қана айналғанын және мысықтың бірден шығарылғанын айтқан.
Мысықты ветеринар дәрігер тексерді. Маманның қорытындысына сәйкес, жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Соған қарамастан, мысықтың иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары жануарларға ауырсыну, стресс немесе ықтимал қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмейтінін атап өтті. Полиция өкілдерінің айтуынша, «қаралым мен лайк үшін жасалған әрекеттер қатыгездікті ақтай алмайды».
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз