Атырауда блогерді зиратқа апарып ұрған қыздар ісі сотқа жетті
Атырауда екі қыз жергілікті блогер Құралай Болатованы зиратқа апарып қорлады деген айыппен сотқа тартылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жәбірленуші оқиғаның 3 қазан күні кешке болғанын айтты. Айдана Ақмұрзиева мен Ақбота Нұғманова оны сөйлесуге шақырып, көлікке отырғызып, қаладағы зиратқа апарған. Сол жерде блогерді ұрып-соғып, қорлаған.
Болатова «Мені алдап алып кетті және ұрып-соқты. Мен үндемей тұра алмаймын. Неліктен тергеу тек 108-бап бойынша жүргізіледі? Мені қаңырап бос жатқан жерге күшпен апарды. Неге бұл ұрлау болып саналмайды? Заң барлығына бірдей болуы керек» деді.
Қазір іс ҚР ҚК 108-бап «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қаралып жатыр. Болатованың айтуынша, жанжал әлеуметтік желілерде жарнамаланған туристік турға байланысты туындаған. Блогер турға төлеген 100 мың теңгені қайтаруды талап етеді.
Сот отырысында іс материалдары зерттеліп, тараптардан жауап алынып, айыпталушылардың әрекеттеріне баға беріледі. Бұған дейін Атырау прокуратурасы Болатованың «күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерінің туысы» деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз