Жаңаөзендегі ауруханада дәрігер өлтірілді
28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде 29 жастағы терапевт пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға күндізгі сағат 14:00 шамасында аурухана дәлізінде болған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әріптестері дәрігердің өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, жарақат тым ауыр болып шықты.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше бұл қылмыс дәрігердің кәсіби қызметіне қатысты емес. Алдын ала болжам бойынша жанжал тұрмыстық негізде туындаған.
Күдікті полиция бөліміне өз еркімен келіп, кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.
«Қазіргі уақытта трагедияның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды» – деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.
Бейресми деректерге сүйенсек шабуыл қызғаныш салдарынан болуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша күдікті мұнай саласында жұмыс істейді, ал оның жұбайы осы ауруханада мейірбике қызметін атқарады. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтетін заңнамалық түзетулерге қол қойған болатын. Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 380-3 бап қызметтік міндетін атқару үстіндегі дәрігерлерге күш көрсету немесе қоқан-лоққы жасау үшін қатаң жауапкершілік қарастырады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз