Атырауда ішімдіксіз ауылдар саны 57-ге жетті
Атырау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты. Исатай ауданына қарасты Томан ауылы “Ішімдіксіз ауыл” бастамасына қосылып, өңірдегі осындай елді мекендердің 57-шісі атанды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Атырау облысында жүзеге асып жатқан жоба ауыл тұрғындарының қолдауына ие болып келеді. Акция аясында 15–19 маусым аралығында тұрғындарға салауатты өмір салтын насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алу және алкоголь өнімдерінің зияны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Нәтижесінде ауыл халқы ортақ шешім қабылдап, ішімдік өнімдерінен бас тартуға келіскен. Тұрғындар бұл қадамды қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауға бағытталған маңызды бастама ретінде бағалап отыр.
Соңғы жылдары Томан ауылында қылмыс тіркелмеген. Бұл тұрғындардың жоғары құқықтық мәдениеті мен өзара жауапкершілігінің көрсеткіші ретінде айтылады.
Ауылда мектеп, балабақша және мәдениет үйі жұмыс істейді. Негізгі бөлігі теміржол саласында еңбек ететін тұрғындар елді мекеннің әлеуметтік дамуына үлес қосып отыр.
Жергілікті учаскелік полиция инспекторы Ербол Ұзақбаевтың профилактикалық жұмыстары мен тұрғындармен тығыз байланысы ауылдағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып келеді.
“Ішімдіксіз ауыл” бастамасы Томан үшін тек әлеуметтік шешім емес, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ортақ ұстанымға айналған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз