Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    1°C
    • Астана
      -14°C
Ру

Шымкенттегі университетте 300 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылды

Фото көзі: gov.kz
Қаһар Бинахметов
Қаң. 19, 2026, 3:09 Т.Қ.
0
25

Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы басшылығы 321 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын аяқтап, материалдарды сотқа жолдадыі, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, құрылған схемаға университеттің бұрынғы бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары, қойма меңгерушісі мен мердігерлер қатысқан. Күдіктілер жалған мемлекеттік сатып алуларды рәсімдеу арқылы қаражатты қолды етіп отырған. Көп жағдайда тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе олардың құны нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары көрсетілген.

«Оқу орнының басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын қарапайым орындықты 20 миллион теңгеге сатып алған. Бюджет қаражаты өзара мүдделес жеке кәсіпкерлер мен компаниялардың шоттары арқылы заңсыз шығарылып, кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылған және қылмысқа қатысушылар арасында бөліске салынған» – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Қылмыстық схеманың ізін жасыру үшін қатысушылар ескі мүліктерді құжат жүзінде есептен шығарып, іс жүзінде оларды пайдалануды жалғастыра берген. Ал жаңа жабдықтарды сатып алуға бөлінген ақша талан-таражға салынған.

Қазіргі таңда мемлекетке келтірілген 321 миллион теңге шығынның 264 миллионы қайтарылды. Сот шешімімен фигуранттардың төрт тұрғын үйі, автокөлігі және банк шоттарындағы 40 миллион теңгесіне арест қойылды.

Бұл іс университеттегі жалғыз заңсыздық емес. Бұған дейін ЖОО-ның экс-ректоры Қайрат Нұрманбетов пен оның орынбасарларына қатысты өзге де қылмыстық іс қозғалды. Олар жалған тендерлер арқылы 256 миллион теңгені жымқырды және бұл қаражатқа элитті коттедж бен алты қымбат автокөлік сатып алды деп айыпталуда. Сондай-ақ Нұрманбетов 2024 жылдың қыркүйек айында жиһаз жеткізушілерден 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қамауға алынған еді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады