Шымкенттегі ауыр қылмыс: Полиция 21 жастағы бойжеткенді өлтірді деген күдіктіге іздеу жариялады
Шымкент қалалық полиция департаменті 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысы бар деп танылған күдіктіге ресми түрде іздеу салды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Құқық қорғау органдары ауыр қылмыс жасады деген айыппен 1997 жылы туған азаматты ұстау үшін жедел-іздестіру шараларын қолға алды.
Жедел мәліметтерге сәйкес полиция Аймахан Шерхан Әлмаханұлын іздестіріп жатыр. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін мемлекеттік нөмірі 015 AUY 17 болып табылатын Hyundai Mufasa маркалы автокөлігімен оқиға орнынан бой тасалаған. Тәртіп сақшылары қала аумағында және облыс жолдарында бақылауды күшейтті.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктінің немесе аталған көліктің қайда екені туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтардан 102 нөміріне дереу хабарласуды сұрайды» – деп хабарлады полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдіктіні қолға түсіру мақсатында арнайы жедел топтар жұмылдырылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз