Шымкентте жол үстіндегі ерегіс жаппай төбелес пен кісі өліміне соқтырды
20 қаңтарда Шымкентте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол үстіндегі кикілжің қанды оқиғамен аяқталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Екі жеңіл көліктің жүргізушілері мен жолаушылары арасында басталған сөзге келу үшінші көлікпен келген топтың араласуынан кейін жаппай қарулы қақтығысқа ұласқан.
Жанжал барысында қатысушылар пышақ жарақатын алып, соның салдарынан 40 жастағы қала тұрғыны оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі уақытта кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық тергеу басталды.
«Күдіктілердің жүрген жерін анықтау және оларды ұстау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Жедел-іздестіру шараларына полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды» – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Бұл қанды оқиға Шымкент полициясындағы ірі кадрлық өзгерістерден кейін орын алып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты шулы істен соң, қалалық полиция басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметтерінен босатылған болатын. Жаңа басшылық тағайындалған тұста орын алған бұл қылмыс шаһардағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз