Ақтөбе тас жолындағы қанды апат төрт адамның өмірін қиды
Ақтөбе облысында болған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам тіл тартпай кетті. Қайғылы жағдай Ақтөбе қаласынан Мәртөк ауылына баратын тас жолда орын алған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Полицияның алдын ала мәліметінше Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, алдымен Hyundai Solaris-пен соқтығысқан. Соққыдан кейін бағытын өзгерткен Honda көлігі қарсы келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігіне соғылған. Соқтығысу салдарынан ВАЗ-2110 жүргізушісі мен оның үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«Жол апаты салдарынан ВАЗ-2110 көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы қаза тапты. Тағы екі адам – Honda Odyssey мен ВАЗ-2110 көліктерінің жолаушылары түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Оларға қажетті көмек көрсетілуде» – деп хабарлады полиция өкілдері.
Апатқа себепкер болды деген күдікпен Honda Odyssey жүргізушісі ұсталып, Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз