Арыста ағайынды екі жігітті аяусыз соққыға жыққан: екі күдікті ұсталды
Желіде Түркістан облысының Арыс қаласында 30 және 16 жастағы ағайынды екі жігіттің қатыгездікпен соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Telegram-дағы Qumash арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға 12 наурыз күні болған. Туыстарының айтуынша, екі жігіт дүкенге келіп, 500 теңгелік купюрамен төлем жасаған. Дүкен иесі ақшаның жарамсыз екенін айтқаннан кейін, сатып алушылар ашуланып, қайта келетінін жеткізген.
Шамамен 15 минуттан соң дүкенге бір топ адам (шамамен 10 адам) келген. Олар 30 жастағы азаматты ұстап тұрып, соққыға жыққан. Оған көмекке келген 16 жастағы інісі де соққыға ұшырап, есінен танып қалған. Сонымен қатар, шабуыл жасағандар дүкен мүлкіне зиян келтіріп, кейбір тауарларды алып кеткені айтылды.
Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген. Жақындарының сөзінше, кейін күдіктілердің ата-аналары келіп, қысым көрсетуге тырысқан.
Аталған жағдайға байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті 12 наурыз күні Арыс қаласындағы дүкендердің бірінде төбелес болғаны туралы хабар түскенін растады.
Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу шаралары барысында оқиғаға қатысы бар азаматтар анықталып, полицияға жеткізілген.
Қазіргі уақытта адамдар тобы жасаған бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Іс бойынша жан-жақты және объективті тергеу амалдары жалғасуда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз