Қарағандыда жас әріптесін зорлауға оқталды деген әкімнің айыбы жеңілдетілді
Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінің әкімі Нұрлан Сейілбековке қатысты сот процесінде прокуратура өз ұстанымын өзгертті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қадағалау органы шенеунікке бұған дейін тағылған «зорлауға оқталу» бабынан бас тартып, оның іс-әрекетін «денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру» ретінде қайта саралады. Жаңа айыптау актісі сот залында ресми түрде оқылды.
«Сейілбеков күзетпен ұсталып отыр. Ол Шет аудандық сотының отырыстарына айдауылмен жеткізіледі. Бұған дейін прокуратура әкімдіктің 23 жастағы қызметкерін зорлауға оқталу айыбын алты ай бойы қолдап келген. Сот процесі аяқталуға жақындағанда айыптау актісі күтпеген жерден өзгерді» – деп хабарлады «Патриот» басылымы.
Шет ауданы прокурорының міндетін атқарушы Құрмет Жаңабергенов қадағалау органының әкім әрекетіне берілген құқықтық бағаны қайта қарағанын мәлімдеді. Ауыр баптың жеңілдетілуін кейіннен Бас прокуратура да мақұлдаған.
Бұл шешім жәбірленуші тарап үшін үлкен соққы болды. Қыздың ата-анасының айтуынша жүргізілген сараптамалар олардың қызында орташа дәрежедегі дене жарақаты мен психикалық бұзылыс бар екенін растаған. Сот-медициналық және психиатриялық сараптамалар бойжеткеннің қазіргі жағдайы мен 2025 жылғы 3 мамырдағы оқиға арасында тікелей байланыс бар екенін анықтаған. Жәбірленушінің әкесі Асыл Рахымжанов сотта жаңа мән-жайлар ашылмаса да, айыптың жеңілдетілгеніне наразылық білдіріп, Бас прокуратураның араласуын талап етті.
Прокуратураның нұсқасы бойынша 2025 жылғы 3 мамырда таңертең қызметтік пәтерде әкім мен оның қызметкері арасында жанжал туындаған. Айыптау тарабы Сейілбеков бойжеткеннің бетінен және мұрнынан ұрып, қан кетуіне және өзге де жарақаттар алуына себеп болған деп есептейді.
Алайда жәбірленушінің ұстанымы бұл нұсқамен мүлдем сәйкес келмейді. Ол шенеуніктің өзін зорламақ болғанын, ал жарақаттарды қарсылық көрсету кезінде алғанын алға тартуда. Кент әкімі зорлау әрекетін үзілді-кесілді теріске шығарып отыр. Тергеу органы бұл эпизодты дәлелдей алмағандықтан, ол айыптау актісіне енгізілмеген.
Қазіргі уақытта сот талқылауы жалғасуда, соңғы шешім әлі шыққан жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз