Сенбі, 21 Наурыз 2026 г.

$ 481.88
556.79
5.72
  • Алматы
    10°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Инклюзия кері күшпен: бір формальдылық 245 баланы мектепсіз қалдырды

Фото көзі: Zontnews.kz
ZontNews.kz
Ақп. 19, 2026, 11:58 Т.Ж.
0
26

2026 жылдың басында Алматы қаласында «Академия педагога» атты жекеменшік инклюзивті мектеп өз жұмысын іс жүзінде тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ZontNews.kz

Мемлекеттік қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты сабақтар үзіліп, педагогтар мәжбүрлі демалысқа жіберілді, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар 245 бала оқуынан айырылды. Бұған себеп – Білім министрлігінің жаңа бұйрығы негізінде енгізілген ғимараттың нысаналы мақсатына қойылатын талап, оның үстіне бұл талап кері күшпен қолданылып, өтпелі кезең қарастырылмады.

«Академия педагога» мектебі 2022 жылдан бері лицензияланған және сол бір мекенжайда үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2026 жылдың қаңтарына дейін мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландырылып, ата-аналардан ақы алмайтын, инклюзивті білім беретін Алматыдағы жалғыз жекеменшік мектеп болды. Алайда 2026 жылдың ақпан айында қаржыландыру ғимараттың нысаналы мақсаты «ИЖС» (жеке тұрғын үй құрылысы) деп көрсетілген деген формальды себеппен тоқтатылды.

Мектеп директоры Нұрым Нұрғалиев – жиырма жылдық педагогикалық өтілі бар маман, оның он жылын Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде өткізген. 2017 жылы «Үздік педагог» атағын алған соң, ол Алматы қаласындағы НЗМ ХБН базасында «Үйде емес оқыту» әлеуметтік жобасын басқарды. Дәл сол кезеңде, оның айтуынша, білім беру жүйесіндегі ең қорғалмаған топ – үйде оқыту ұсынылған балалар екені, ал олар үшін ең маңызды әрі тиімді кезең — бастауыш сынып екені анық болды.

Бұл түсінік оның жеке өмірімен де тығыз байланысты. Нұрғалиев өзінің мүмкіндігі шектеулі ұлының білім алуындағы ең маңызды кезеңді өткізіп алғанын мойындайды. Сол себепті ол түбегейлі шешім қабылдайды: 2022 жылдың күзінде НЗМ жүйесінен кетіп, жалғыз баспанасын қайта жөндеп, лицензия алып, 2023 жылғы 1 ақпанда бастауыш коррекциялық мектеп ашады.

Үш жылдың ішінде мектеп бірегей тәжірибеге айналды: мемлекеттік қаржыландыру ала отырып, ата-аналардан ақы алмайды, алайда басқа мемлекеттік мектептерге берілетін көптеген жеңілдіктерден қағылған. Атап айтқанда, мектепте тегін тамақ, тасымалдау, оқулықтар, коммуналдық қызметтерді өтеу, күрделі жөндеу, педагогтардың санатына байланысты үстемақылар мен жүйелі біліктілікті арттыру қарастырылмаған. Директордың айтуынша, мемлекет жан басына шаққандағы қаржыландыруды береді, бірақ қалған барлық мәселелерді ата-аналармен бірге, оқу сапасына нұқсан келтірмей шешуді талап етеді.

Қазіргі таңда мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 245 бала білім алуда – олардың қатарында коррекциялық сынып оқушылары мен үйде оқыту ұсынылған балалар бар. «Академия педагога» – республика бойынша «Үйде емес оқыту» әлеуметтік жобасын іске асырып отырған және демалыс күндері де жұмыс істейтін жалғыз мектеп. Үш жылдың ішінде бұл мектепке мемлекеттік мектептерден ауысқан оқушылар саны он есе артты, себебі бұл форматты мемлекеттік мектептерде іске асыру тым қымбат.

Шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, мектеп осы уақыт ішінде сирек кездесетін инфрақұрылым қалыптастырды: жабық бассейн, Қазақстандағы ерекше балаларға арналған жалғыз арқанды парк, иппо- және галотерапия. Мұның барлығы қосымша бюджеттік қолдаусыз жүзеге асырылды.

Соған қарамастан, дәл қазір мектеп тегін оқытуды уақытша тоқтатуға және шамамен 50 қызметкерді демалысқа жіберуге мәжбүр. Соңғы үш жыл бойы директор жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге бірнеше рет өтініш бергенімен, үш мәрте ресми түрде бас тарту алған. Ал басқа өңірлерде мұндай мәселелер білім беру ұйымдарының пайдасына шешіліп жатқанын атап өтеді.

Нұрғалиевтің айтуынша, менталдық бұзылыстары бар балалар үшін үлкен мектеп ғимараттары міндетті емес. Олар үшін ең маңыздысы – үйдегідей жайлы орта, жақын орналасқан мектеп, күйзеліссіз, буллингсіз оқу. «Мен дәретхананың жанындағы дәлізде отырамын – бұл мені мүлде мазаламайды. Ең бастысы – балалардың жақсы жағдайда білім алуы», – дейді ол.

Бұл жағдай оқушылардың отбасыларына да ауыр тиді. Ата-ана Зарина Маметалиева мемлекеттік мектептерге ауысу ұсынысының іс жүзінде орындалуы өте қиын екенін айтады. Ол үшін балалар қайтадан ПМПК мен ЦПЗ-дан өтуі керек, ал бұл кемінде бір-екі ай уақыт алады. Осы аралықта балалар білімсіз қалады. «Бізге 217 мектеп бар дейді. Бірақ бұл – қағаз жүзіндегі сандар ғана. Шын мәнінде мектептер балаларды бірден қабылдауға дайын емес, ал рәсімдер айлап созылады», – дейді ол.

Дәл осы мектеп жұмысы тоқтағаннан кейін Алматыда жекеменшік білім беру ұйымдарының форумы өтті. Форумға мектеп директорлары, ата-аналар, заңгерлер мен білім беру саласының сарапшылары жиналды. Бұл жиын – қалыптасқан дағдарысқа жауап болды. Қатысушылар мемлекеттік білім беру тапсырысының жаңа ережелерін кері күшпен қолданудың салдарын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мектептер үшін өтпелі кезеңнің болмауын талқылады.

Форум қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігіне, Парламент Мәжілісі мен Сенатына, Білім министрлігі мен Қаржы министрлігіне жолданған резолюция қабылданды. Құжатта жаңа нормаларды формалды түрде қолдану балалар мен білім беру ұйымдарының жағдайын нашарлатпауы тиіс екені ашық айтылған.

Бүгінде ата-аналар ережелерді жоюды талап етіп отырған жоқ. Олар уақытша шешім мен ашық, жария жауап күтеді. Себебі инклюзивті білім – бұл есеп пен статистика емес. Бұл – күн сайын мектепке баруы тиіс нақты балалар. Ал ересектер құжаттағы формулировкаларды талқылап жатқанда, 245 бала әлі де күтіп отыр – сабақсыз, үйреншікті ортасыз, ертеңіне деген сенімсіз.

Редакция «Академия педагога» инклюзивті мектебіне қатысты жағдайды бақылауда ұстап, уәкілетті органдардың ресми шешімдері мен жауаптары пайда болған сайын осы тақырыпқа қайта оралатын болады.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз