Зорлық-зомбылық: құқық қорғаушылар дабыл қағуда
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілгенімен, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың барлығы бірдей тиісті жазаға ұшырамай отыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл мәселе заңдағы олқылықтар мен құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне байланысты, деп хабарлайды ZontNews.kz Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
«НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің сөзінше, зорлық-зомбылық көрген көптеген әйелдер полициядан көмек сұраудан қорқып, қоғамдық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр.
Оның айтуынша, қордың жедел желісіне күн сайын ондаған шағым түседі. Кей кездері өтініштердің саны жүздегенге дейін жетеді. Алайда ауыр қылмыстар болмаса, барлық істі қарауға мүмкіндік бола бермейді.
Құқық қорғаушының пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық істері бойынша қамауға алу сирек қолданылады. Мысалы, 2024 жылы мұндай құқықбұзушылықтар үшін 3,5 мың адам жауапкершілікке тартылғанымен, олардың тек 28-і ғана әкімшілік қамауға алынған.
Ал Human Rights Lawyers қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева қоғамда жәбірленушінің өзін кінәлау әлі де кең таралғанын айтады. Оның сөзінше, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық істерінің басым бөлігінде қылмыскерлер жәбірленушілердің жақын таныстары немесе туыстары болып келеді.
Сарапшылар құқық қорғау органдарының жұмысында жүйелі мәселелер бар екенін де атап өтті. Кей жағдайларда арыздар уақытында қабылданбайды немесе тергеу толық жүргізілмейді.
Белгілі адвокат Анар Құсайынова заңдардың қабылдануы мәселені толық шешпейтінін айтады. Оның пікірінше, кез келген заңның тиімділігі ең алдымен оның қалай орындалатынына байланысты.
Сарапшылар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз