Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.85
513.27
5.31
  • Алматы
    24°C
    • Астана
      21°C
Ру

Жұмысшылардың әйелдері вахта өмірімен танысты

Фото көзі: : «Шұбаркөл көмір» АҚ-тың баспасөз қызметі
ZontNews.kz
Там. 21, 2026, 11:17 Т.Ж.

ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» компаниясында вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылардың әйелдеріне арналған алғашқы отбасылық экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қонақтар өндірістік алаңды аралап, көмір өндіру үдерісімен және карьерлік техниканың жұмысымен танысты. Сондай-ақ жұбайларының ауысым кезінде еңбек ететін және тұратын жағдайларын өз көздерімен көрді.

БелАЗ жүргізушілерінің әйелдері арнайы брендтелген пойызбен 540 шақырым жол жүріп, вахталық кентке жетті. Шамамен 12 сағатқа созылған сапардың басты ерекшелігі – пойыздың жұмысшылар тұратын кент аумағына тікелей келіп тоқтауы.

Экскурсия барысында әйелдер алып БелАЗ самосвалдарының кабиналарына көтеріліп, жүргізуші орнына отырып көрді. Бұл оларға жұбайларының күн сайын қандай ауқымды әрі жауапты жұмыс атқаратынын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

– Күйеуімнің жұмысы туралы бұрын тек әңгімелерінен білетінмін. Алып көмір кен орны мен техниканы өз көзіңмен көру мүлде бөлек әсер береді. Енді оның еңбегінің қаншалықты жауапты екенін жақсы түсіндім. Күйеуімді мақтан тұтамын, – деді БелАЗ жүргізушісінің әйелі Гүлім Исатова.

Бұдан кейін қонақтарға вахталық кенттегі тұрғын бөлмелер, спортзал, медициналық пункт пен асхана көрсетілді. Олар жұмысшыларға еңбек етуге, демалуға және бос уақытын тиімді өткізуге жасалған жағдайлармен танысты. Асханада күнделікті мәзірдегі тағамдар мен жаңа піскен нан өнімдерінен дәм татты.

Вахталық кентте бір мезетте шамамен 1 500 адам тұрады. Қызметкерлердің ауысымы 15 күнге созылатындықтан, олардың өндірістегі қауіпсіздігімен қатар, жайлы тұруы мен сапалы демалысына да ерекше көңіл бөлінеді.

– Күйеуімнің вахтада қайда тұратынын, қалай демалатынын және қай жерде тамақтанатынын көргеннен кейін көңілім тынышталды. Енді оның вахтадағы күнделікті өмірін жақсырақ елестете аламын, – деді Наталья Пономарева.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай сапарлар жұмысшылардың жақындарына өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен тұрмыстық жағдайларды ашық көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама отбасылардың алаңдаушылығын азайтып, кәсіпорынға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Алғашқы отбасылық экскурсия оң бағаланды. «Шұбаркөл көмір» компаниясы алдағы уақытта вахтадағы «отбасылық күндерді» тұрақты өткізіп, игі бастаманы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз