Жетісу облысында 4 балдық жер сілкінісі тіркелді
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісі 4 маусым күні Астана уақытымен сағат 21:19-да тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 316 шақырым жерде, Қазақстан аумағында орналасқан, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сейсмологтардың дерегіне сәйкес, дүмпу Алматы қаласында 2 балл көлемінде сезілген. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Жаркент қаласында тіркеліп, 4 баллға жеткен. Сондай-ақ Жетісу және Алматы облыстарының бірнеше ауданында 2-3 баллдық жер сілкінісі байқалған.
Жерасты дүмпулері Талдықорған, Қонаев, Талғар, Есік, Шонжы, Кеген, Нарынқол, Үшарал, Үржар және басқа да елді мекендердің тұрғындарына сезілген.
Ал European-Mediterranean Seismological Centre мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан мен Қытай шекарасы маңында орналасқан. Магнитудасы 5,9 балл болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз