Жаңбырдан кейінгі жағдай: Алматы әуежайының терминалдарына су кірді
Алматыда толассыз жауған нөсер қала инфрақұрылымына әсер етіп, Алматы халықаралық әуежайы ғимаратының бірқатар бөлігінде су жиналды. Оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Instagram желісіндегі almatinec_live парақшасында жарияланған видеодан әуежай қызметкерлерінің су басқан аумақты тазалап жатқанын көруге болады. Жазба авторлары паспорттық бақылау аймағына дейін су жеткенін айтады.
Желіде тараған ақпаратта әуежай жұмысы уақытша шектеліп, кей кіріп-шығу аймақтары жабылғаны туралы да айтылған. Алайда ресми мәлімет бұл ақпаратты толық растамайды.
Әуежайдың баспасөз қызметі нөсер салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының жекелеген бөліктерінде шатырдан су ағу дерегі тіркелгенін хабарлады. Мамандар ақауды жарты сағат ішінде жойған.
Ресми дерекке сәйкес, жағдай ұшақтардың ұшу және қону кестесіне әсер етпеген. Қазіргі таңда әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін инфрақұрылымға қосымша тексеру жүргізілмек.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз