Заңсыз казино жарнамасы және крипто-активтер: Танымал блогер Қайсар Қамзаны не үшін іздеуде жүр?
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) танымал инфлюенсер Қайсар Қамзаға («qais_arr») халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сот шешімімен күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Блогер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деп күдіктелуде.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес Қайсар Қамза бес жыл бойы Instagram-дағы 2,4 миллиондық аудиториясы мен Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын пайдаланып, «Pinco» онлайн-казиносын жарнамалаған. Ол жеке промокодтары мен тікелей сілтемелері арқылы пайдаланушыларды азарттық ойындарға қатысуға үгіттеген.
«Қамза әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттары арқылы Қазақстан азаматтарын азарттық ойындарға қатысуға шақыратын материалдарды жүйелі түрде жариялап отырған. Пайдаланушыларды тартқаны үшін ол ойын платформасынан сыйақы, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс тауып келген» – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Кірісті жасыру мақсатында күдікті шетелдік ұйымдастырушылардан келетін аударымдарды қабылдау үшін крипто-әмиянды пайдаланған. Қазіргі уақытта сот рұқсатымен оның 182 736 USDT (крипто-доллар) көлеміндегі цифрлық активтеріне арест қойылды.
Айта кетейік, Қайсар Қамза бұған дейін де заңсыз ұтыс ойындары мен казино жарнамасы үшін 1,17 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл арқалаған болатын. Сонымен қатар оның Үндістанға сапары кезінде жергілікті тұрғындарға қатысты әдепсіз мінез-құлық көрсеткен бейнежазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Іздеу ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда ресми тіркелді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз