Владимир Соловьев Қазақстан туралы мәлімдемесінен кейін эфирден шеттетілді
Ресейлік танымал тележүргізуші Владимир Соловьев соңғы күндері негізгі ақпараттық айдындардан көрінбей кетті. «Россия-1» телеарнасындағы «Владимир Соловьевпен кеш» бағдарламасының орнына хабар тарату кестесіне телесериал енгізілсе, «Комсомольская правда» радиосындағы таңғы хабарларын өзге журналистер жүргізе бастады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде жүргізушінің әдейі шеттетілуі туралы пікірталастарға негіз болды. Кейбір Ресейлік БАҚ өкілдері оны қызметтен босату туралы мәселе көтерілгенін, бірақ Ресей Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов бұл шешімге тосқауыл қойғанын алға тартуда.
Жанжалға Соловьевтің Армения мен Орталық Азия елдеріндегі ықтимал «әскери операциялар» туралы резонанстық мәлімдемелері себеп болған. Тележүргізуші өз бағдарламасында Орталық Азияны Ресейдің «ықпал ету аймағы» деп атап, бұл өңірлерде де «арнайы әскери операция» басталуы мүмкін екенін меңзеген еді.
«Бұл журналистің жеке арнадағы сұрақ түрінде қойған жеке пікірі ғана. Ресейдің ресми ұстанымын тек мемлекеттің уәкілетті өкілдері ғана білдіре алады» – деп мәлімдеді Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
СІМ өкілдері жүргізушінің сөздері Кремльдің ресми бағытын білдірмейтінін айтып, дипломатиялық деңгейде ақталуға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта Соловьевтің эфирден кетуіне қатысты нақты ресми себеп жарияланған жоқ.
Медиа саласындағы сарапшылар жоспарлы демалыс, ішкі кадрлық ауыс-түйістер немесе денсаулық жағдайына қатысты түрлі болжамдар жасауда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз