Үш адам қаза тапқан апат ісі сотқа өтті
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс сот қарауына жіберілді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Олег Чернов мәлімдеді. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өтеді.
Бұған дейін прокуратура істің Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша қаралып жатқанын хабарлаған. Бұл бап алкогольдік мас күйде көлік жүргізіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Жаза ретінде 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қарастырылған.
Сонымен қатар, оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігі бойынша да қылмыстық іс тіркелген. Тергеу Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша жүргізілуде. Бұл бап ауыр зардаптарға әкелген қызметтік әрекетсіздік үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes автокөлігіндегі үш адам қаза тапқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз