Ұлттық банк автонесиеге қатысты жеңілдікті тағы бір жылға ұзартты: кімдер пайдалана алады?
Қазақстанда автонесие рәсімдейтін азаматтарға арналған жеңілдік 2027 жылдың соңына дейін ұзартылды, деп хабарлайды ZontNews.kz
Енді белгілі бір талаптарға сай келетін көлік сатып алушылардан қарыз жүктемесін есептеу талап етілмейді.
Ұлттық банктің мәліметінше, жеңілдік жаңа автокөлік сатып алатындарға және алғашқы жарнаның белгілі бір бөлігін төлеп, пайдаланылған көлік алатындарға қатысты.
Атап айтқанда, бұрын тіркелмеген және пайдаланылмаған жаңа автокөлікті несиеге рәсімдейтін азаматтарға қарыз жүктемесі бойынша талап қойылмайды. Бұл ретте сатып алынған көлік банкке кепіл ретінде рәсімделуі тиіс.
Ал үш жылдан аспайтын автокөлікті несиеге алатындар үшін алғашқы жарна көлік құнының кемінде 30 пайызы болуы керек. Сондай-ақ пайдаланылған көлікті сатып алғанда оның бағасының кемінде 50 пайызын бірден төлеген азаматтар да осы жеңілдікті пайдалана алады.
Ұлттық банк аталған жеңілдіктердің қолданылу мерзімін 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Реттеуші келесі жылы да автонесие нарығындағы жағдайды бақылап, қажет болған жағдайда халықтың қарыз жүктемесіне қатысты қосымша шаралар қабылдауы мүмкін.
Еске салсақ, Қазақстанда автонесие мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекаға қойылатын талаптарды қатаңдату кейінге шегерілген болатын. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекаға қатысты жеңілдік 2029 жылдың соңына дейін сақталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз