Түркістандағы жанжал әйелдің өлімімен аяқталды
Түркістан облысында отбасылық жанжалдан кейін ауыр жарақат алған 54 жастағы көпбалалы ана ауруханада көз жұмды. Оқиғаға күдікті ретінде марқұмның күйеуі ұсталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, жараланған әйелді кенже ұлы бірінші болып көрген. Анасының дауысын естіген ол бөлмеден шығып, оны қанға боялған күйінде байқаған.
Жас жігіт дереу жедел жәрдем шақырды. Әйел ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Ерлі-зайыптының шамамен 25 жыл бірге тұрып, төрт бала тәрбиелегені айтылды. Отбасылық жанжалдың нақты себебі әзірге белгісіз.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, оқиғадан кейін марқұмның күйеуі де өзіне жарақат салып, өмірімен қоштасуға әрекеттенген. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
Түркістан облыстық Полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар атқарылуда», – делінген ведомство жауабында.
Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз