Тоқаевқа бірлескен инвестициялық жобалар таныстырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның экономиканың түрлі салаларында жүзеге асыратын бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Жобалардың бірі Алматы қаласында автокөлік бөлшектерін өндіретін кәсіпорын ашуды көздейді. Онда отандық автомобиль зауыттарының сұранысына сәйкес бәсеңдеткіштер, орындық қаптамалары, еден жабындары, сымдар бумасы және дөңгелек дискілері шығарылмақ.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Қостанайда KIA компаниясының Локализация орталығын ашу жоспары баяндалды. Кәсіпорында есік панельдерін, орталық консольдерді, орындықтарды, төбе мен еден қаптамаларын, бамперлерді және басқа да автомобиль бөлшектерін өндіру жоспарланған.
Бұдан бөлек, Президентке медицинада қолданылатын ультрадыбыстық диагностикалық жүйелер шығару жобасы көрсетілді. Алматыда корейлік басқару тәсілі мен заманауи медициналық технологиялар енгізілетін көпбейінді аурухана салу бастамасы да таныстырылды.
Бірлескен жобалар қатарында дрондар құрастыратын өндіріс орнын іске қосу жоспары да бар.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз