Тоқаев үш ірі автожол құрылысына старт берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысын телекөпір арқылы бастап берді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның басты мақсаты – елді Еуропа мен Азияны жалғайтын жетекші логистикалық хабқа айналдыру екенін айтты.
Президенттің сөзінше, «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа халықаралық автожол салынады. Ол Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырып, жүк тасымалының бағытын шамамен 1000 шақырымға, ал жеткізу уақытын үш тәулікке дейін қысқартады. Тоқаев бұл бағытты «Арал – Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту және жаңғырту жұмыстары басталды. Құрылысқа отандық компаниялар қатысып, 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Президенттің айтуынша, жобалар аяқталғаннан кейін жүк тасымалы 2,5 есеге артып, жылына 13,2 млн тоннаға жетеді. Барлық жұмыстарды 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау тапсырылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз