Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -2°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Тоқаев ШЫҰ саммитінде бастамаларын ұсынды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қыр. 1, 2026, 6:20 Т.Қ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ШЫҰ ширек ғасыр ішінде «Шанхай бестігінен» ірі халықаралық ұйымға дейінгі жолдан өткенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйым ішкі істерге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді.

«Ұйым құрылған кездегі әлем айтарлықтай өзгерді. Біз халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасы қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Бірігу үдерісінің орнын бөлшектену, ынтымақтастыққа ұмтылыстың орнын геосаяси бәсеке басуда. Мүдделер тепе-теңдігін іздеудің орнына қайшылықтар тереңдеп барады. Өзара сенім деңгейі төмендеді. Сенім болмаса, ең жетілдірілген халықаралық институттардың өзі сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетін жоғалтады», – деді президент.

Тоқаевтың пікірінше, ШЫҰ әскери-саяси блоктардың қағидаты бойынша жұмыс істемейді және ешбір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйымның басты мақсаты – қуатты әрі өркендеген қауымдастық құру.

Президент Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалап, «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін маңызды бірнеше бағытты атады.

Бірінші бағыт – өзара сенімді нығайту және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту.

«Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шаралары жөнінде ШЫҰ министрлер конференциясын өткізуді өзекті деп санаймыз. Оның күн тәртібіне әскери тәуекелдерді азайту, жаңа қарулану жарысына жол бермеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселелерін енгізуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қарулы қақтығыстар салдарының соғыс аймақтарынан асып, халықаралық нарықтарға, сауда кеме қатынасына, энергетикалық және көлік байланыстарының тұрақтылығына әсер етіп жатқанына назар аударды. Соның салдарынан дағдарыстардың шекарадан тыс таралу қаупі артқан.

Президент терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күрес ШЫҰ елдері ынтымақтастығының басым бағыты болып қала беретінін айтты. Бұл қауіптер трансұлттық қылмыспен, есірткі және қару-жарақ саудасымен, сондай-ақ киберқауіптермен тығыз байланысып отыр.

Қазақстан қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық пен ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы орталығын құруды қолдайды.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті арттырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жақындаған. Алайда экономикалық байланыстардың деңгейі қолда бар мүмкіндіктерге әлі де толық сәйкес келмейді.

«Келісімдерден нақты бастамаларға көшкен жөн. Мемлекеттерге барлық қатысушының қосылуын күтпей-ақ, дайын болған кезде жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін пилоттық индустриялық консорциумдар механизмін енгізуді ұсынамыз. Табысты жобаларды кейін бүкіл ұйым аясында кеңейтуге болады», – деді президент.

Тоқаев ШЫҰ-ның шекаралық сауда аймақтарын қолданыстағы шекара маңы ынтымақтастығы орталықтарының базасында іске қосуды ұсынды. Бұл тауар айналымының жеңілдетілген тәртібін, цифрлық рәсімдер мен заманауи өзара есеп айырысу тәсілдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Инвестициялық жүйені қалыптастыру да маңызды бағыт ретінде аталды. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды.

Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық жүйесін құруды жеделдетуге шақырды. Оның пікірінше, ұйымға мүше мемлекеттердің географиялық байланысы – ШЫҰ-ның стратегиялық артықшылығы.

«Кедендік рәсімдерді цифрландыруды, электрондық құжаттарды өзара тануды, “жасыл дәліздер” қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолдануды қолдаймыз. Жүкті жөнелту нүктесінен соңғы алушыға дейін кедергісіз сүйемелдейтін ШЫҰ-ның бірыңғай цифрлық транзит платформасын құру тиімді шешім болар еді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз», – деді Тоқаев.

Президент жаңа технологиялық жүйені қалыптастыруды тағы бір басымдық ретінде атады. Оның сөзінше, ШЫҰ мемлекеттері өздерінің ғылыми және инновациялық әлеуетін пайдалана отырып, тәжірибе алмасудан бірлесіп технология жасауға көшіп, жасанды интеллект саласындағы жеке экожүйесін қалыптастыра алады.

Қазақстан биыл Қытайдың бастамасымен құрылған Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның құрылтайшылары қатарына кірді.

«ШЫҰ аясында мүше мемлекеттердің жетекші университеттері, ғылыми мекемелері мен технологиялық компаниялары қатысатын жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесінің өзекті екенін атап өтіп, бұл жұмысты мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарына тапсыруды ұсынды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз