Тоқаев Рыбакинаны тарихи жетістігімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде көш бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Президент қазақстандық теннисшінің бұл жетістікке ерекше талантының, табанды еңбегінің және өзіне деген сенімінің арқасында жеткенін атап өтті. Оның сөзінше, Рыбакинаның тарихи жеңісі еліміздің спорттағы абыройын асқақтатып, есімін әлемдік теннис тарихына енгізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жетістікке толы жолы жас спортшылар мен әлемдегі миллиондаған теннис жанкүйеріне үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Рыбакинаның корттағы және қоғамдағы жоғары мәдениеті мен қарапайым болмысын ерекше атап өтті.
Президент теннисшіге чемпиондық рухын сақтап, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруды тіледі.
Елена Рыбакина US Open турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэнді жеңгеннен кейін WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Ол рейтингте беларусь теннисшісі Арина Соболенкодан озды.
Қазіргі уақытта Рыбакинаның жекелей сында WTA аясында жеңіп алған 13 титулы бар. Қазақстандық теннисші 2022 жылы Уимблдонда, ал 2026 жылы Australian Open турнирінде жеңіске жетіп, «Үлкен дулыға» жарыстарының екі дүркін чемпионы атанды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз