Тоқаев Путиннің резиденциясына жасалған шабуылды айыптады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей президентінің мемлекеттік резиденциясына жасалған шабуыл әрекетін айыптады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қазақстан басшысы мұндай қадамдардың қақтығысты реттеу процесіне кедергі келтіретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша мұндай іс-әрекеттер бейбітшілік орнатуға септігін тигізбейді және саяси шешім іздеу жолындағы күш-жігерге нұқсан келтіреді. Сонымен қатар ол Украинадағы ахуалды реттеу бойынша келіссөздерде байқалған ілгерілеушілікті құптайтынын білдіріп, тараптарды дипломатиялық жолдан таймауға шақырды.
Мемлекет басшылары әңгіме барысында екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін де талқылады. Тараптар қорытындыланып жатқан жылдың Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастық үшін жемісті болғанын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Ресей СІМ мәліметіне сәйкес, 29 желтоқсанға қараған түні Украина ұшқышсыз ұшу аппараттары Новгород облысындағы Президент резиденциясына шабуыл жасамақ болған. Ресейдің әуе қорғанысы күштері барлық дрондарды атып түсіргенін хабарлады.
Айта кетейік бұған дейін Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Жаңа жылға орай құттықтау жолдаған болатын.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз