Сәрсенбі, 5 Тамыз 2026 г.

$ 471.98
543.39
5.82
  • Алматы
    21°C
    • Астана
      18°C
Ру

Тарихшы Жұмабай Доспанов дүниеден озды

Фото көзі: ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Шілде 27, 2026, 11:40 Т.Ж.

Тарихшы, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Орынғалиұлы Доспанов дүниеден озды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Жұмабай Орынғалиұлы Доспанов 1952 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ол белгілі қазақстандық әскери тарихшы, зерттеуші, журналист және қоғам қайраткері болды.

Жұмабай Доспанов Атырау облысындағы Таңдай орта мектебінде білім алып, кейін облыстық салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Қазақстандағы демократиялық қозғалыстарға белсенді араласып, «Атырау демократияға жәрдемдесу орталығын» басқарды. Сонымен қатар аймақтағы тәуелсіз «Алтын ғасыр» газетінің негізін қалап, бас редакторы болды.

2011 жылдан бастап ол әскери тарихты зерттеуге ден қойды. Ғалым Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық майдангерлердің, соның ішінде бұрын есімдері кеңінен аталмаған мыңдаған қазақ офицерлері мен 7 700-ден астам қыз-келіншектердің ерлігін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты (ЦАМО) сияқты ресми деректер арқылы зерттеді.

Оның зерттеулері нәтижесінде бірнеше іргелі еңбектер жарық көрді. Солардың қатарында:

«Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық еңбек бар. Бұл зерттеуде соғысқа қатысқан 8 400-ден астам қазақ офицерінің әскери қызмет жолы мен құжаттық мәліметтері жинақталған.

«Совет Одағының Батыры атағы берілмеген қазақстандықтар» атты көптомдық еңбегінде жоғары марапатқа ұсынылғанымен, түрлі себептермен атақ ала алмаған жауынгерлердің тағдыры зерттелді.

«Қару мен қалам» кітабы майданда жүріп әскери күнделіктер, хаттар мен шығармалар жазған қазақ зиялылары мен офицерлерінің өмірі мен қызметіне арналған.

Сонымен қатар Жұмабай Доспанов майданның шешуші бағыттарында қызмет еткен офицерлердің және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық әйелдердің - мергендер, байланысшылар, ұшқыштар мен медицина қызметкерлерінің тағдырын зерттеді.

Оның отыз жылға жуық уақыт жүргізген «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы Ұлттық құрылтайда жоғары бағаланып, соғыстың 80 жылдығына арналған көптомдық жинақ дайындауға негіз болды.

Жұмабай Доспановтың еңбегі - есімдері ұмыт қалған жауынгерлер мен қаһармандардың тарихын қайта жаңғыртуға бағытталған отандық тарих ғылымындағы ауқымды зерттеулердің бірі.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз