Шымкентте әйелді өлтірген ер адамды полицейлер атып тоқтатты
Шымкентте кезекті ауыр қылмыс тіркелді. Полиция қызметкерлері әйел адамды өлтірді деген күдіктіні құрықтау кезінде табельдік қару қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қалалық полиция департаментінің басшылығы ауысқаннан кейін орын алған бұл оқиға шаһардағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесінің әлі де өткір екенін көрсетіп отыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес ер адам жәбірленушіге жеке араздық негізінде шабуыл жасап, оған бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарының ауырлығынан әйел адам жедел жәрдем қызметі жеткенше оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қылмысқа куә болған азаматтар дереу құқық қорғау органдарына хабар берген.
Күдікті оқиға орнынан қашуға әрекеттеніп, ұстау кезінде қарулы қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты тәртіп сақшылары заң аясында қару қолдану туралы шешім қабылдады.
«Күдікті ізін суытпай ұсталды. Оқ тиіп жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілді. Қазір ол күзетпен ұсталып отыр» – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Айта кетейік бұл қылмыс Шымкент полициясындағы ірі кадрлық ауыс-түйістен кейін орын алып отыр. Бұған дейін бойжеткенді аңдып, соңында оны өлтіріп тынған Нұрайдың ісінен соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев департамент қызметіне құқықтық баға беруді тапсырған болатын. Аталған тексерістен кейін қалалық полиция бастығы мен оның орынбасары бірнеше сағат ішінде қызметінен босатылған еді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз