Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

ҰҚШҰ әскерін қолдану ережесі өзгереді: Мәжіліс жаңа заң жобаларын қарауға алды

Фото көзі: ҰҚШҰ
Қаһар Бинахметов
Қаң. 14, 2026, 2:18 Т.Қ.
0
25

Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) қызметін реттейтін екі маңызды заң жобасын қарауға алды. Бұл құжаттар ұйым аясындағы ұжымдық күштердің құқықтық мәртебесін айқындап, оларды қолдану тетіктерін жетілдіруді көздейді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Бірінші заң жобасы 2010 жылғы келісімге түзетулер енгізуді қарастырады. Жаңа нормалар ұйымға мүше мемлекеттердің аумағына әскери құрылымдарды жіберу негіздерін айтарлықтай кеңейтпек. Енді контингент тек қарулы қақтығыстар кезінде емес, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, гуманитарлық көмек көрсету және жоспардан тыс жауынгерлік тексерулер жүргізу мақсатында да тартылуы мүмкін.

«Келісім ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын тараптардың аумағында уақытша орналастырудың құқықтық негіздерін реттейді және олардың мәртебесін айқындайды. Түзетулер контингентті дағдарыстың алдын алу, гуманитарлық көмек көрсету және кенеттен тексеру жүргізу сияқты мақсаттарда қолдануға мүмкіндік береді» – деп түсіндірді мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған құжат бойынша қорытынды әзірлеп, оны алдағы пленарлық отырыстардың бірінде талқылауға шығарады.

Екінші заң жобасы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әскери тасымал логистикасын жеңілдетуге бағытталған. Құжат әскери құрылымдарды, жылжымалы мүлік пен әскери өнімдерді тасымалдау кезіндегі кедергілерді жойып, шұғыл жағдайларда іс-қимыл жеделдігін арттыруды көздейді.

«Енгізілетін өзгерістер тасымал процесін ұйымдастыру кезіндегі құқықтық базаны жетілдіруге және шұғыл шаралар қабылдау қажет болған жағдайда әскерлерді жеткізу жылдамдығын арттыруға бағытталған» – деп мәлімдеді Айгүл Құспан.

Айта кетейік 2025 жылдың қараша айында ҰҚШҰ-ның бас хатшысы лауазымына Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалған болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады