Серік Сәпиев пен оның орынбасары қызметінен кетті
Қарағанды облысының спорт басқармасында ірі кадрлық өзгеріс орын алды. Ведомство басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов басшылық қызметтерін тапсырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Облыстық әкімдіктің хабарлауынша екі шенеунік те жұмыстан кету туралы өз еріктерімен өтініш білдірген.
«Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз қалаулары бойынша иеленіп отырған лауазымдарынан босатылды» – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл шешім басшылық құрам арасындағы келіспеушіліктен кейін қабылданды. Деректерге сүйенсек 21 қаңтар күні спорт кешендерінің бірінде Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов арасында жанжал туындап, салдарынан Олимпиада чемпионы дене жарақатын алған. Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеді.
«Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы бойынша ұрып-соғу дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын зерттеуде» – деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
Кейіннен әлеуметтік желілерде оқиға болған жерден бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрлар жарияланды. Онда Сәпиевтің кабинетке костюммен кіріп, біршама уақыттан соң сыртқа пиджаксыз, асығыс шыққаны көрінеді.
Дегенмен тараптар бұл даудың реттелгенін жеткізді. Кәсіби сарапшы Айдар Махметов екі спортшының өзара мәмілеге келіп, мәселені шешкенін айтты.
«Мәселе толық шешілді және бұл тақырып жабық» – деп мәлімдеді Серік Сәпиев кейінірек өз сөзінде.
Айта кетейік Серік Сәпиев 2012 жылғы Олимпиада чемпионы әрі Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Оның орынбасары болған Дәурен Есімханов та атақты спортшы, самбо және джиу-джитсудан әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері болып табылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз