«Семей орманы» мен «Қазақтелеком» соттасып жатыр
«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне қатысты 3,1 млрд теңгелік келісімшарт бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен соттасып жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz. BES.media.-ға сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, резерват компаниямен жасалған келісімшартты біржақты тәртіппен бұзып, сот арқылы оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және алдын ала төленген 937,2 млн теңге авансты қайтаруды талап еткен.
Тараптар арасындағы келісімшарт 2025 жылғы 30 сәуірде жасалған. Тәжірибелік пайдалану және кейінгі сынақтар барысында комиссия жүйенің түтін мен өрт ошақтарын әрдайым дер кезінде анықтай алмайтынын анықтаған. Сондай-ақ жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты резерват аумағының бір бөлігі бақылау аймағынан тыс қалған.
Министрліктің мәліметінше, мердігер анықталған кемшіліктердің бір бөлігін белгіленген мерзімде жоймағандықтан, 2025 жылғы 19 желтоқсанда келісімшарт бұзылған.
Өз кезегінде «Қазақтелеком» бұл шешімге сотта шағым түсірді. 2026 жылғы сәуірде сот келісімшартты біржақты бұзуды заңсыз деп танығанымен, жеткізушінің міндеттемелерді тиісінше орындамағанын және жүйенің техникалық талаптарға толық сәйкес келмейтінін де анықтады. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Дауға қарамастан, жүйе «қолданыстағы техникалық мүмкіндіктері шегінде» пайдаланылып келеді. 2026 жылғы шілдеде болған орман өрті кезінде ол жерүсті патрульдерімен және өрт бақылау мұнараларымен бірге қолданылған.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата да жүйенің кемшіліктерін атап өткен болатын. Атап айтқанда, өртті, әсіресе түнгі уақытта, дер кезінде анықтамауы және өрт ошақтарының нақты координаттарын белгілеудегі мәселелер көрсетілген. Сонымен қатар келісімшарт бойынша төленбей қалған шамамен 2,2 млрд теңге мердігерге берілмей, республикалық бюджетке қайтарылған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз