Сәуле Базарханның өлімінен кейін эстетикалық клиникалар бақылауға алынады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алматылық блогер Сәуле Базарханның пластикалық отадан кейін көз жұмуына байланысты істі жеке бақылауына алатынын мәлімдеді. Министр Алматыдағы жекеменшік клиникаға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрдің айтуынша, арнайы мамандар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне объективті баға береді.
“Клиниканың лицензиясы болған-болмағаны, қызметкерлердің біліктілігі, медициналық процедуралардың стандарттарға сәйкестігі және шұғыл көмектің дұрыс көрсетілген-көрсетілмегені тексеріледі”, - деді Ақмарал Әлназарова.
Министрлік марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, пластикалық және косметологиялық операциялар толыққанды медициналық араласу екенін еске салды. Ведомство мұндай процедуралар санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қажет ететінін атап өтті.
Егер тексеріс барысында заңбұзушылықтар анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. Сонымен қатар министр елдегі барлық эстетикалық клиникаларға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Еске салайық, 53 жастағы алматылық Сәуле Базархан 15 мамыр күні липосакция жасату үшін пластикалық хирургия клиникасына барған. Алайда операция барысында көз жұмған.
Марқұмның туыстары клиника оның қаза болғанын үш сағаттан кейін ғана хабарлағанын айтып, медицина мекемесінің әрекетіне күмән келтірді.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын растаған еді. Ал клиника тергеу жүріп жатқандықтан толыққанды пікір бере алмайтындарын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз