«Реформаға қарсылық»: Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы қақтығыстың астары белгілі болды
Олимпиада чемпионы, Қарағанды облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өз орынбасары Дәурен Есімхановпен болған қақтығысқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомство басшысы бұл оқиғаны жеке араздық емес, өңірдегі ықпалды топтардың заңсыз кадрлық шешімдеріне тосқауыл қою әрекеті деп атады.
Сәпиевтің айтуынша оның рұқсатынсыз облыстағы спорт ұйымдары басшыларын заңсыз ауыстыру әрекеті болған. Ол бұл процесті тоқтатуға тырысқан сәтте кикілжің туындаған.
«Бұл оқиға жеке немесе тұрмыстық сипаттағы қақтығыс емес. Мәселе өңірде бейресми ықпалы бар белгілі бір тұлғалар тарапынан көрсетілген қарсылықта болып отыр. Менің хабарымсыз спорт ұйымдары басшыларын заңсыз ротациялау әрекеті жасалды. Мұны байқаған бойда мен мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым» – деп мәлімдеді Серік Сәпиев.
Сонымен қатар басқарма басшысы ешқандай арандатушылық оның Мемлекет басшысы айтқан жүйелі реформаларды іске асыруға деген жігерін жасыта алмайтынын жеткізді.
Сәпиевтің ашық айыптауынан кейін Қарағанды облысының әкімдігі спорт басқармасының қызметіне қатысты кешенді тексеріс тағайындады. Мәселені зерттеуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де тартылып отыр.
«Мән-жайды жан-жақты және объективті қарау үшін Спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тарапынан тексеру тағайындалды. Сондай-ақ басқарма қызметіне кешенді аудит жүргізіледі» – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Олимпиада чемпионы мен оның орынбасары, самбодан халықаралық жарыстардың жүлдегері Дәурен Есімханов арасындағы оқиға 2026 жылғы 21 қаңтарда болған. Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша ресми тексеру жұмыстары жалғасуда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз