Сәрсенбі, 5 Тамыз 2026 г.

$ 471.98
543.39
5.82
  • Алматы
    25°C
    • Астана
      25°C
Ру

«Психиатр мен емшілерге апарған»: Нұрай Серікбайдың өліміне айыпталған сотта кешірім сұрады

Фото көзі: : коллаж Dalanews.kz
ZontNews.kz
Шілде 28, 2026, 6:10 Т.Қ.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан өзінің психикалық денсаулығына қатысты мәлімдеме жасап, марқұмның туыстары мен қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

Сот-психиатриялық сараптама оны есі дұрыс деп танығанымен, Аймахан бұрын психиатриялық есепте тұрғанын айтты. Оның сөзінше, 2019 жылы басынан алған жарақаттан кейін оған «обсессивті-компульсивті бұзылыс» диагнозы қойылып, содан бері есте сақтау қабілеті мен психикалық жағдайында қиындықтар болған.

Айыпталушы марқұм Нұрай Серікбайды аңдыды деген айыпты жоққа шығарды. Сондай-ақ ол өзінің диагнозын қызға ешқашан айтпағанын жеткізді.

«Нұрайдың туыстарынан, өз жақындарымнан, осы залдағы адамдардан және бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Мұндай жағдайға жетемін деп ойламадым. Ауруым болғанына қарамастан, өзімді бақыламадым. Рудный қаласында есепке қойған, кейін ата-анам психиатрға да, Алматы мен Қаскелеңдегі емшілерге де апарды. Үйде қой сойып, түрлі ырым-жоралғылар жасадық», – деді ол сотта.

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Тергеу нұсқасы бойынша, 28 жастағы Шерхан Аймахан қызды дүкен маңында күтіп тұрып, оған бірнеше рет пышақ сұққан. Күдікті оқиғадан кейін қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды.

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Президент тапсырмасымен Шымкент полициясының әрекетіне тексеру жүргізіліп, қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды, тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар Нұрай Серікбайдың мәжбүрлі некеге тұрғызу туралы арызынан кейін қажетті шаралар қабылданбады деген күдікпен полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды.

Кейін Шерхан Аймаханға тағылған айып ерекше қатыгездікпен адам өлтіру бабына қайта сараланып, оған қоса аңду (сталкинг) және некеге мәжбүрлеу баптары бойынша да тергеу жүргізілді. Айыптар дәлелденген жағдайда оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Тергеу 12 маусымда аяқталып, іс сотқа жолданған.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз