«Нәтиже болмаса — қоштасамыз»: Олжас Бектенов «Kazakh Tourism» басшысына шарт қойды
Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов саланың дамуы туралы есеп берді. Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынылған ақпаратқа қанағаттанбай, компания басшысына қызметтен босату мүмкіндігі туралы қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Талғат Ғазизов Қазақстанның әлемдік туристік картадағы орны нығайып келе жатқанын алға тартты. Оның дерегінше, The Telegraph Орталық Азияны биылғы топ-20 бағытқа қосса, Vogue журналы Қазақстанды 2025 жылғы тартымды 14 бағыттың қатарына енгізген. Сондай-ақ еліміз Lonely Planet рейтингіне еніп, Қытай мен Үндістанның ірі туристік платформаларының назарына ілікті.
Компания ішкі туризмді ынталандыру үшін 154 өтінімнің ішінен 55 негізгі іс-шараны іріктеп алған.
«Іс-шаралардың сапасын қамтамасыз ету үшін іріктеу жүйесі енгізілді. Таңдау кезінде ұйымдастыру деңгейі, бірегейлігі, туристік әлеуеті мен ауқымы ескерілді» – деді Талғат Ғазизов.
Сонымен қатар мамыр айында Timbaland, Николь Шерзингер және Busta Rhymes сияқты әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттер сериясы жоспарланған.
Премьер-министр ұсынылған халықаралық жетістіктерде ұлттық компанияның нақты үлесі қандай екеніне күмән келтірді. Олжас Бектенов құрғақ есептің орнына нақты көрсеткіштерді талап етті.
«Талғат Жанатович, сіз бұл міндетке жақында ғана кіріскеніңізге қарамастан, бізге нақты нәтижелер қажет. Біз оны күтеміз. Нәтиже болса, әрі қарай жұмыс істейміз, болмаса — қоштасамыз. Келістік пе?» – деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы саладағы оң динамикаға қарамастан, жүйелі мәселелердің әлі де шешілмей отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, Қарағанды облысындағы 149 демалыс орнының тек 80-і санитарлық рұқсат алған, ал 28 жағажайдың тек үшеуі ғана талапқа сай деп танылған.
«Туристік нысандарға баратын жолдардағы сервис деңгейі төмен, кей жерлерде тұрақты электр қуаты жоқ. Сондай-ақ медициналық пункттер мен құтқару қызметтерінің жұмысы толық жолға қойылмаған» – деп хабарлады премьер-министр.
Бұдан бөлек, туристік локациялардағы қонақ үйлер мен тамақтану орындарындағы бағаның негізсіз жоғары болуы басты проблемалардың бірі ретінде аталды.
Мәселелерді жедел шешу үшін премьер-министр арнайы үйлестіру кеңесін құруды тапсырды. Кеңесті премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева басқаратын болады. Оның құрамына әкімдіктер, «Атамекен» палатасы және ірі кәсіпкерлер енеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз