Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне кірісті
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап ZontNews.kz. хабарлайды.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жаңа қызметке келіп, бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін Роман Скляр атқарған еді. Ол жуырда Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарып келді.
Ресми деректерге сәйкес, ол 1976 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997-1998 жылдары «Казахойл-коммерция» ЖШС-де мұнай саласының сарапшысы ретінде бастаған. Кейін түрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.
Әр жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, Қызылорда қаласының әкімі болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінде өңірлік даму бөлімін басқарған.
2022 жылғы 7 сәуірде Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған.
Еңбегі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған, Қазақстанның құрметті құрылысшысы атағына ие.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз