Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Нұрайдың өлімінен кейін Шымкент полициясының басшылығы жұмыстан қуылды

Фото көзі: gov.kz
Қаһар Бинахметов
Қаң. 21, 2026, 9:21 Т.Ж.
0
25

Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды. Бұл шешім 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты туындаған қоғамдық резонанс пен мемлекет басшысының тікелей араласуынан кейін қабылданды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қызметтік тергеу нәтижесінде құқық тәртібін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін департамент басшылығымен қатар бірнеше лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды.

«Қызметтік тергеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша басқарушылық жауапкершілік аясында тәртіптік шаралар қолданылды. Құқық тәртібін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар лауазымдарынан босатылды» – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Бұған марқұмның отбасы тарапынан Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне қатысты айтылған шағымдар негіз болды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, бойжеткенді кейіннен күдікті деп танылған ер адам жүйелі түрде аңдып, қудалаған. Алайда полиция бұл шағымдарға дер кезінде назар аудармаған.

«Қылмыстық іс аясында шаралардың қабылдануы, толықтығы және уақтылығына қатысты барлық уәждер мен мән-жайлар жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне заңмен белгіленген тәртіпте құқықтық баға беріледі» – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Бұл істің саяси мән алуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі себеп болды. Мемлекет басшысы жүйелі қудалау туралы бірнеше мәрте арызданған 21 жастағы қыздың өліміне байланысты Шымкент полициясының әрекетін тексеруді және құқықтық баға беруді тапсырған еді.

Ішкі істер министрлігі бұл істің тікелей бақылауда екенін және тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылғанын жеткізді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады