Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Нұрай Серікбай ісі: Экс-полицейдің «ақталуы» мен туыстарының наразылығы

Фото көзі: ашық дереккөздерден
Қаһар Бинахметов
Қаң. 28, 2026, 11:45 Т.Ж.
0
14

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары мен олардың қорғаушысы жұмыстан босатылған полиция офицерінің нұсқасын үзілді-кесілді теріске шығарды. Бұған дейін Әбілғазы есімді экс-полицей сұхбат беріп, бойжеткеннің қатысуымен түсірілген бейнежазбаны жариялаған болатын, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қызметінен босатылған офицер өз әрекетінің заңға сәйкес болғанын және оның жұмыстан шығуына тек істің қоғамда тудырған резонансы себеп болғанын алға тартады. Оның айтуынша оқиға күні Нұрай мен оның танысы Шерханның жанында болған азаматтар бойжеткеннің ол жерде өз еркімен жүргенін растаған.

«Ақпарат біржақты таратылып жатыр. Мен өзім білетін жайттарды айтқым келеді. Біз үйге барғанда Нұрайдың ағаларын көрдік, олар қыздың іште екенін айтты. Содан кейін оларды бөлімшеге жеткізіп, жеке-жеке жауап алдық. Екеуі де бойжеткеннің өз еркімен келгенін растады. Кейін ол мұны мен түсірген бейнежазбада да қайталады» – деп мәлімдеді Әбілғазы.

Экс-полицей сегіз-тоғыз жылдық еңбек өтілі бар маман екенін, қаңтар оқиғалары кезінде де қызмет еткенін айта келе, өзін негізсіз жұмыстан шығарды деп есептейді. Ол Президентке үндеу жолдап, бұл шешімді қайта қарауды сұрады.

Алайда марқұмның туыстары бұл бейнежазбаның жариялануын «отбасы мүшелеріне жасалған моральдық соққы» деп бағалады. Бойжеткеннің ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша бейнежазбада Нұрайдың ауыр психологиялық күйде болғаны анық байқалады.

«Нұрайдың сөйлеуі ауыр екені көрініп тұр, бұл жүректі ауыртады. Оның ауыр психологиялық және моральдық жағдайда болғаны кез келген адамға түсінікті. Бұл видеоның кімге және не үшін қажет болғанын түсінбейміз» – деп айтты Сұлтан Серікбай.

Отбасының адвокаты Сержан Нүрпейісов аталған бейнежазбаның әлеуметтік желілерде таралуына байланысты полицияға шағым түсірілгенін хабарлады. Қорғаушы тарап бұл материалды тергеу құпиясына жатады деп есептейді.

«Бұл жағдайға тергеу органдары құқықтық баға береді. Жалпы тергеу амалдары сапалы жүріп жатыр, біздің барлық өтініштеріміз қанағаттандырылды. Біз тергеудің объективтілігіне сенім білдіреміз» – деп хабарлады адвокат Сержан Нүрпейісов.

Естеріңізге сала кетейік 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылған болатын. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады