Назарбаевтың бұрынғы көмекшісі $1,6 млрд үшін лорд Эвансты сотқа берді
Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ербол Орынбаев британдық лорд Эванс пен Jusan Technologies Ltd. басшыларын $1,6 млрд құны бар активтерді төмен бағамен сатып, жеке пайда тапты деп сотқа берді, деп хабарлайды ZontNews.kz The Guardian дерегін негізге алып.
Орынбаев бұған дейін Jusan құрамында топ-менеджер қызметін атқарған. Сот материалдарында Эванс пен директорлардың активтерді сату арқылы кемінде 1 млн доллар алғаны көрсетілген. Орынбаевтың айтуынша, бұл қаражат Қазақстандағы білім жобаларын қаржыландыруға арналған активтерге қатысты, ал директорлар «құрылымды саяси ықпал мен сыбайластықтан қорғауға тиіс болғанына қарамастан» жеке пайда көрген. Нарықтық құны $1,6 млрд активтер $75 млн-ге сатылған.
Эванс пен директорлар айыптауларды жоққа шығарып, Орынбаевты «өз акцияларын тиімді сата алмағанына ренжіген» деп сипаттады. Эванс «төлемдер заңды болды, мәміле 2022 жылы Қазақстан билігінің ықпалынан кейін жасалған» деп мәлімдеді. Директорлар кеңесі Орынбаевтың әрекетін «екіжүзділік» деп атады.
Ұлыбритания соты алдын ала шешімінде Орынбаевтың дәлелдерін «біржақты» деп бағалады, бірақ директорлардың сыйақы алуының заңдылығы әлі анықталмағанын және мәміле жағдайлары толық зерттелмегенін көрсетті.
Эванс бұған дейін Лордтар палатасының ережесін бұзғаны үшін бес ай мерзімге отырыстардан шеттетілген. Қазір ол Ұлыбритания мен АҚШ-та екі сот процесіне қатысып отыр.
Jusan Technologies Ltd. 2022 жылдан бері Қазақстандағы білім беру саласына бағытталған қайырымдылық қорларының активтерін басқарған. Құжаттарда компания басшылығы Қазақстан билігімен байланыс орнату мақсатында тағайындалғаны жазылған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз