Миллионнан астам жалақы ұсынатын бос орындар аталды
Қазақстанда мамыр айында жұмыс берушілер 86,7 мың бос жұмыс орнын жариялады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, кадрларға ең жоғары сұраныс білім беру саласында тіркелген, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында білім беру саласы бойынша 14 мың вакансия жарияланған. Сонымен қатар қызмет көрсету саласында – 12,5 мың, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету секторында – 8,6 мың, құрылыста – 8 мың, ауыл шаруашылығында – 7,5 мың және өңдеу өнеркәсібінде – 6,9 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
Өңірлер арасында ең көп вакансия Астана қаласында (8,3 мың), Павлодар облысында (5,5 мың), Алматы қаласында (5,2 мың), Түркістан облысында (5,1 мың) және Атырау облысында (5 мың) тіркелді.
Мамыр айында еңбек нарығына 91,6 мың түйіндеме орналастырылған. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Олар барлық түйіндеменің 41 пайызын құрайды.
Ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс бастығының орынбасары (1,45 млн теңге), ақпараттық қауіпсіздік инженері (1,23 млн теңге) және бас дәнекерлеуші (1,24 млн теңге) бар. Ал ең жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында кеме капитандары (8,7 млн теңге), басшының орынбасарлары (3,7 млн теңге) және ұшқыштар (2,8 млн теңге) көш бастап тұр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз