Ұлттық қордан наурызда $400–500 млн валюта сату жоспарланып отыр
Ақпан айында Қазақстанның Ұлттық қорынан $400 млн көлемінде шетел валютасы сатылды. Бұл республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл туралы ZontNews.kz Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, ақпан айында Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 6%-ын құрап, бір күндегі сату көлемі $20 млн-нан асқан жоқ. Күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, наурыз айында республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан $400–500 млн аралығында валюта сату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ақпан айында «айналау» операциялары аясында 350 млрд теңге тартылған. Наурыз айында да осы мақсатта шамамен 350 млрд теңгеге тең валюта сату күтіледі.
Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде және «айналау» тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанатынын атап өтті. Бұл шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату арқылы жүзеге асырылады. Ақпан айында валюталық интервенциялар жүргізілмеген.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында сатылған валюта көлемі шамамен $284 млн-ды құраған.
Сонымен қатар, БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі 40%-дан асатынын ескере отырып, Ұлттық банк ақпан айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алмаған. Наурыз айында да валюта сатып алу жоспарланбаған.
Ақпан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 497,69 теңгеге дейін 0,7%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі $306 млн-нан $335 млн-ға дейін өсті. Жалпы айлық сауда көлемі $6,7 млрд-ты құрады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз