Лавров Қазақстанға екі күндік ресми сапармен келеді
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29–30 сәуір күндері Қазақстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Сапар аясында Астана қаласында ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ қазақстандық әріптесі – сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізеді.
Ресей СІМ мәліметінше, келіссөздердің негізгі бағыты екіжақты жан-жақты стратегиялық серіктестікті және одақтастықты нығайту мәселелеріне арналмақ. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ ортақ интеграциялық алаңдардағы өзара іс-қимылды талқылайды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылады.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де қарастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Сергей Лавровтың Қазақстанға алдыңғы сапары дәл бір жыл бұрын өткен. Ол кезде министр ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысына және Орталық Азия елдері СІМ басшыларының кездесуіне қатысқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз