Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.85
513.27
5.31
  • Алматы
    24°C
    • Астана
      21°C
Ру

Құрылтай сайлауында қалай дауыс береміз?

Фото көзі: : gov.kz
ZontNews.kz
Там. 21, 2026, 12:25 Т.Қ.

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлауға екі күн қалды. 23 тамыз, жексенбі күні ел азаматтары өз таңдауын жасайды. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылып, 20:00-ге дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Сайлауға жеті саяси партия қатысады. Олар бюллетеньде мынадай ретпен орналасады:

  1. «Әділет» партиясы;
  2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
  3. «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы;
  4. Қазақстан Халық партиясы;
  5. «Ауыл» партиясы;
  6. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
  7. «Respublica» партиясы.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстан аумағында және шетелде барлығы 10 424 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 79-ы әлемнің 61 мемлекетіндегі Қазақстан өкілдіктері жанынан ашылған.

Дауыс беруге 18 жасқа толған және сот шешімімен сайлау құқығынан айырылмаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Учаскеге барғанда жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет.

Денсаулық жағдайына немесе отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына байланысты учаскеге бара алмайтын азаматтар үйде дауыс беруге өтініш бере алады. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік комиссияға хабарласу қажет.

Әскери бөлімдерде, ауруханаларда, санаторийлерде, үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорындар мен вахталық кенттердегі арнайы учаскелерде тізімге енгізілген азаматтардың барлығы дауыс беріп болған жағдайда, комиссия дауыс беруді мерзімінен бұрын аяқтай алады.

Сайлаушылар өз учаскесінің нөмірі мен мекенжайын eGov Mobile қосымшасындағы «Танымал қызметтер» және «Құрылтай-2026» бөлімдері арқылы тексере алады. Ақпарат gov.kz/sailau, sailau.gov.kz және sailau2026.gov.kz сервистерінде де қолжетімді. Ол үшін өңірді таңдап, ЖСН енгізу жеткілікті.

Сайлау күні тұрақты тіркелген мекенжайында болмайтын азаматтар есептен шығару куәлігін ала алады. Құжатты алу үшін 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беру қажет. Осы куәлік арқылы басқа елді мекендегі сайлау учаскесінде дауыс беруге болады.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары елшіліктер мен консулдықтар жанынан ашылған учаскелерде дауыс бере алады. Бұл мүмкіндік шетелде тұрақты тұратын, іссапармен, жеке шақырумен немесе туристік мақсатта жүрген азаматтарға беріледі.

Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті партиядан барлығы 545 кандидат ұсынылды. Сайлаудың ресми қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру өткен күннен бастап он күн ішінде жариялайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз