Қорғаныс министрі әскери жүйеде жаңа талаптар қойды
Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын 2026 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындысына арналды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Отырыста әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, техникалық жабдықталуын жетілдіру, сондай-ақ басқару процестерін цифрландыру мәселелері қаралды. Қорғаныс министрі армияны заманауи қару-жарақпен, соның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен, ұшқышсыз аппараттармен және зымыран кешендерімен қамтамасыз ету басым бағыт екенін атап өтті.
Сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіпті күшейту, кадр саясатын жетілдіру, әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту және қауіпсіздікті арттыру міндеттері қойылды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қысқы оқу кезеңіндегі дайындық жұмыстары туралы баяндап, жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілген жаңа тәсілдер мен нормативтерді таныстырды.
Ал тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасар әскери тәртіпті нығайту мен моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету шараларына тоқталды.
Қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасар техниканы жауынгерлік дайын күйде ұстау, оқу-жаттығуларға сапалы әзірлеу және қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Жиын қорытындысында министр әскердің жауынгерлік қабілетін арттыру, техниканы ұқыпты пайдалану және Қарулы күштердің инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз