Көкжайлаудағы курортты ҚДБ қаржыландыруы мүмкін
Көкжайлау шатқалында салынуы жоспарланған Almaty SuperSki тау-шаңғы курорты Қазақстанның Даму банкінен алынатын несие есебінен қаржыландырылуы мүмкін. Бұл туралы ZontNews.kz. Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Kazakh Tourism Development компаниясының баспасөз қызметі жобаға қаржы тарту үшін Қазақстанның Даму банкіне өтініш беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Алайда несие көлемі мен өтінім тапсыру мерзімі әзірге белгісіз.
«Әзірге қанша қаражат туралы сөз болып отырғанын айта алмаймыз. Себебі жобаның өзі әлі де түзетіліп жатыр», – делінген компания хабарламасында.
Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның Даму банкінен коммерциялық жобаны мемлекеттік банк есебінен қаржыландыру қаншалықты орынды екенін сұраған.
Банк басқармасының төрағасы Марат Елібаев несие алуға арналған өтінім әлі түспегендіктен, бұл мәселе бойынша әзірге корпоративтік те, жеке де ұстанымы жоқ екенін айтты.
«Бұл мәселеге қатысты түсініктеме бере алмаймын, өйткені Қазақстанның Даму банкі аталған жобаға қатысып отырған жоқ. Біз оны қаржыландыру туралы шешім қабылдаған жоқпыз. Сондықтан пікір айту қиын. Мен бұл мәселеге толық қанық емеспін», – деді ол.
Kazakh Tourism Development компаниясы ресми түрде өтініш берген жағдайда банктің ұстанымы қандай болатыны туралы сұраққа Марат Елібаев мәселе сол кезде қаралатынын жеткізді.
«Өтінім түскен кезде қарайық. Қазір нақты бірдеңе айту қиын», – деді ҚДБ басшысы.
Almaty SuperSki – Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Көкжайлау шатқалында салу жоспарланған жыл бойы жұмыс істейтін ірі тау-шаңғы курорты. Жоба аясында ұзындығы шамамен 60–65 шақырым болатын шаңғы жолдарын, 16–17 көтергіш пен бірнеше қонақүй салу көзделген.
Жобаны «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрылымына кіретін Qazaqstan Investment Corporation компаниясының еншілес ұйымы – мемлекеттік Kazakh Tourism Development компаниясы жүзеге асырып жатыр. Жобалау жұмыстарымен Андорраның Pas Grau International компаниясы айналысады.
Бастама экологтер мен қоғам белсенділерінің сынына ұшырады. Олар ұлттық парктің экожүйесіне зиян келуі мүмкін екенін айтып, жобаның экологиялық салдарына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Белсенділер 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың курорт құрылысының алдыңғы нұсқасына қарсы шығып, мұндай жобаға қажеттілік жоқ екенін айтқанын еске салды.
2026 жылдың жазында Алматы тұрғындары Көкжайлау аумағында ағаштардың кесіліп жатқаны түсірілген кадрларды жариялады. Кейін қоғам өкілдері БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке бейнеүндеу жолдаған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз