ҚазТАГ пен Freedom Finance дауы: прокурордың талабы жарияланды
Алматының Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан ҚазТАГ агенттігі мен Freedom Finance компаниясы арасындағы іс бойынша сот жарыссөзі басталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Прокурор соттан ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаевты 4 жылға, бас редактор Әмір Қасеновті рақымшылық туралы заңды қолдана отырып 1 жыл 3 айға, Уәлихан Рамазановты 3 жылға бас бостандығын шектеуге соттауды сұрады. Ал Жанна Қапарованы рақымшылық заңына сәйкес жазадан босатуды өтінді.
Сондай-ақ прокурор Әсет Матаев пен Әмір Қасеновті тиісінше 3 және 5 жыл мерзімге кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.
Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің «міндеттеріне адал қарамау», «көрінеу жалған ақпарат тарату» және «бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін сотта Әмір Қасенов жарияланған материалдардың негізі куәгер Светлана Оралбаеваның мәлімдемелеріне сүйенгенін айтып, өз тарапынан ешқандай ақпарат қоспағанын мәлімдеген болатын. Ал Светлана Оралбаева даулы материалдардың тақырыптарын, соның ішінде «алаяқтық схемалары» және «топ-менеджерлер» деген тіркестерді Әмір Қасеновтің өзі қойғанын айтқан.
ҚазТАГ пен Freedom Finance арасындағы сот процесі 15 маусымда басталған. Freedom Finance агенттік жариялаған материалдар шындыққа сәйкес келмейді деп есептейді, ал ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп бағалайды. Сот процесі жалғасып жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз