Қазгидромет: Қазақстанның бірқатар өңірінде 41 градусқа дейін ыстық болады
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 7–9 шілде аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Мамандардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен елдің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Республиканың батысында, шығысында және оңтүстік-шығысында, сондай-ақ 7–8 шілдеде солтүстік пен орталық өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
7 шілдеде орталық және шығыс облыстарда, 8 шілдеде батыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында, ал 9 шілдеде батыста қатты жаңбыр жауып, екпінді жел соғады. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Сондай-ақ батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде желдің күшеюі күтіледі.
Алдағы күндері ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Солтүстік-батыс пен орталықта ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріліп, жекелеген аудандарда 41 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Солтүстік өңірлерде 35–38 градусқа дейін ыстық сақталады. Елдің қалған аумағында ауа температурасының айтарлықтай өзгеруі күтілмейді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз