Қазақстандықтар 11 елде QR-кодпен төлем жасай алады: жоба қашан іске қосылады?
Қазақстан Ұлттық банкі 11 мемлекетпен QR-код арқылы трансшекаралық төлем жасау мүмкіндігін іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, қазақстандықтар шетелде өз банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын QR-кодпен төлей алады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық банк пысықтап жатқан тізімде 11 мемлекет бар. Олардың арасында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстан бар. Бұдан бөлек, өткен аптада Қырғызстан және Үндістанмен тиісті меморандумдарға қол қойылған.
Әр мемлекетпен жобаны іске асыру мерзімі әртүрлі болады. Ұлттық банк кейбір елдермен тестілеу мен пилоттық жобаларды 2026 жылдың соңына дейін бастауды жоспарлап отыр.
Алғашқы пилоттық жобалардың бірі Қытаймен жүзеге асырылмақ.
«Егер тестілеу мен пилоттық жоба сәтті өтсе, онда қазақстандықтар келесі жылы Қытайда кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болады. Өз кезегінде Қытай азаматтары да Қазақстанда осындай мүмкіндік алады», - деді Бинұр Жәленов.
Яғни жоба толық іске қосылған жағдайда, қазақстандық туристер Қытайда жергілікті төлем жүйелеріне арнайы тіркелмей-ақ, өз банктерінің қосымшасы арқылы QR-кодпен есеп айырыса алады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз